«Жоспар жоқ, даму стратегиясы жоқ»: Қуат Хамитов Спорт министрлігін сынға алды

Редактор
12.08.2024, 16:48

Париж Олимпиадасында Қазақстан бір ғана алтын медаль иеленді

instagram.com/kuat__khamitov

Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктерге байланысты өз пікірін айтты. Ол қазақ спортын дамытатын елде білікті басшылардың жоқ екенін мәлімдеп отыр.

MMA файтері мұндай пікірін Instagram әлеуметтік желісіндегі спорттық пабликтерің бірінде жазған.

«Қазақстан спортының басты проблемасы – алдағы 10 жылға жоспарының жоқтығы. Спортты дамыту стратегиясы да жоқ. Министрлікке басшылыққа келген әрбірі өз ролін атқарып, кетіп қалады. Кім және қашан министр болғанына қарамастан пойыз орнынан еш қозғалмайды», - деп жазды Қуат Хамитов.

Ол бұған дейін қазақ футболын өткір сынаумен де есте қалған. Хамитов футболдағы коррупция салдарынан спорттың бұл түрі елімізде ешқашан дамымайтынын айтқан.

Ал, Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 43-орын алды. Қоржында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар.