Парижде Әлішер Ерғалиды жеңген әйгілі Ахмед Тажудинов ауруханаға түсіп қалды

Редактор
22.08.2024, 17:56

Ол нақты қандай жарақат алғанын жасырып отыр

Instagram

Париж Олимпиадасында еркін күрестен чемпион атанған Бахрейн өкілі Ахмед Тажудинов қолын ауыр жарақаттап алып, Швейцария ауруханаларының бірінде емделіп жатыр.

97 келіде белдескен бозкілем шебері Париж Олимпиадасында 4 кездесу өткізген болатын. Ол екінші айналымда қазақстандық Әлішер Ерғалимен шеберлік байқасты.

Ахмед Тажудинов Олимпиада ойындарында чемпион атанған соң оны Бахрейнде ерекше қарсы алды. Ел билігі оған шексіз құрмет көрсетіп, сый-сыяпаттан кенде қалдырмады. Ал ол Парижде күрескенде Бахрейн королінің ұлы оған секундант болған.

Әзірге Тажудиновтың қолына не болғаны белгісіз. Ол әлеуметтік желіде Цюрих қаласында ем алып жатқанын айтқан. Оның танулы қолына қарап, көпшілік ауыр жарақат алғанын топшылауда. 

Айта кетейік, 21 жастағы Ахмед Тажудинов соңғы екі жылда айтулы табысқа жетті. Ол Азия чемпионатын екі рет ұтса, Азия ойындарында да жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, былтыр Сербияда әлем чемпионы болып, сол жарыста Олимпиада алтынын иеленген ресейлік Абдулрашид Садулаев пен америкалық Кайл Снайдерді айқын басымдықпен жеңді.

Әлішер Ерғали Тажудиновті өзіне ыңғайлы қарсыласы екенін бұған дейінгі сұхбаттарында айтты. Бірақ Олимпиадада оны жеңе алған жоқ.