Бұған дейін алматылықтар оған жол талғамайтын автокөлік сыйлаған болатын
Париж Олимпиадасында дзюдодан 66 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанған Ғұсман Қырғызбаевты Түркістан облысында ерекше қошеметпен күтіп алды. Туған жері Диханкөл ауылына ат басын бұрған балуанға жергілікті тұрғындар сәйгүлік сыйлаған.
Даңқты спортшыға құрмет көрсетуге өңірдің зиялылары, танымал спортшылары келіп, ақ тілегін арнады, қариялар батасын берді.
Салтанатты жиын соңында Ғұсманға ат мінгізіп, өзге де бағалы сыйлықтарын табыстады.
Айта кетейік, Ғұсман Қырғызбаев Түркістан облысы Диханкөл ауылында дүниеге келген. Ол 2010 жылы Алматыдағы Қазақ Спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, спорттық мансабын осы қалада жалғастырған.
Ғұсман Олимпиададан бөлек әлемнің күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін қола жүлдегері.