Ол 2028 жылғы Олимпиадаға дайындалмақ
Париж Олимпиадасынан кейін демеушілер есебінен үш көлік мінген Абиба Әбужақынова Италияға жол тартты. Танымал дзюдошы төртжылдықтың басты ойындарынан кейін елде аз уақыт болып, енді Еуропада демалуды жөн көрген сынайлы.
Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазып, фотосуретін жариялады. Париж Олимпиадасында 48 келіде күрескен қазақстандық дзюдошы жартылай финалға дейін жеткен еді. Өкінішке қарай, спортшы үшінші орын үшін белдесуде Швеция спортшысына есе жіберді.
Көз жасына ерік берген спортшы сол уақытта барша жанкүйердің қызу қолдауына ие болды. Кейін оған Мәжіліс депутаты жеңіл көлік мінгізсе, Атырауда жергілікті кәсіпкерлер тағы су жаңа темір тұлпарды тарту етті. Бұдан бөлек, Алматыда «Жеңіс» дзюдо клубының президенті Алмаз Әлсенов спортшысы BMW Х3 көлігін сыйлады.
Спортшы осыдан кейін Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін күресетінін атап, сенім білдірген барша жанкүйерлер мен демеушілік танытқан мәрт азаматтарға алғысын жеткізді.