Мен бастаған бастамалар жалғасын табады деп ойлайм – Ермек Маржықпаев ұжымымен қоштасты

Редактор
31.08.2024, 19:08

Оның орнына жаңа министр әлі тағайындалған жоқ

primeminister.kz

Туризм және спорт министрлігін 11 айдан астам уақыт басқарған Ермек Маржықпаев бүгін аталған лауазымнан босатылды. Осыған байланысты ол әріптестеріне алғысын айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырды.

Еске салайық, 27 тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттап болған соң, спорт саласындағы былықтың көбейгенін айтқан болатын. Арада екі күн өткенде министр қызметінен босады.

«Бүгін ҚР Туризм және спорт министрі лауазымындағы қызметім аяқталды. Бұл менің өмірімдегі өте маңызды кезең болды.

Президент пен Үкіметке маған артқан сенімі үшін, сондай-ақ әріптестеріме бірлесе жұмыс істегені үшін алғысымды білдіремін.

Отандық туризм мен спортта қолға алған бастамалар алдағы уақытта жалғасын тауып, жемісін береріне сенемін», - деп жазды Маржықпаев Instagram әлеуметтік желісінде.

Айта кетейік, Ермек Маржықпаев былтыр қыркүйек айының басында Туризм және спорт министрі болып тағайындалған. Оған дейін Ақмола облысының әкімі болды.