Ризабек Айтмұқан екінші жыл қатарынан әлем чемпионатының финалына шықты

Редактор
06.09.2024, 20:54

Жартылай финалда ол америкалық Джастин Рэйдмахерді жеңді

ҰОК

Испанияның Понтеверде қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып жатқан Ризабек Айтмұқан финалға шықты.  

Ризабек 97 келіге дейін салмақта белдесіп жатыр. Жартылай финалда ол америкалық Джастин Рэйдмахерді 9:1 есебімен жеңді. Финалда отандасымыздың қарсыласы Хетаг Карсанов (Әзербайжан) – Адам Якшик (Словакия) жұбының жеңімпазы болмақ. 

Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан былтыр 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Содан кейін арада бір ай өткенде ол ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарды. Ол уақытта отандасымыз 92 келіде бақ сынаған еді. Бұл жолы Ризабек 97 келіде ел үмітін арқалап отыр.