Ризабек Айтмұқанның жерлестері облыс әкімінен асфальт салуды сұрады

Редактор
09.09.2024, 09:46

Әлем чемпионы туған ауылда асфальт жол мүлдем жоқ

коллаж Almaty.tv

Күні кеше еркін күрестен Испанияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген Ризабек Айтмұқанның ауылдастары жолдан қиналып отырғанын айтты.

Спортшы әлем чемпионатында топ жарған соң, желіде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке жазылған үндеу пайда болды.

«Ғауез Торсанұлы, Даут-Талшық Қызылту-Чернигов-Ақтүейсай Бидайық-РФ,  ҚР шекара маңында орналасқан ауылдарын жалғастырып тұратын республикалық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстары қашан аяқталады? Еркін күрестен әлемнің екі дүркін чемпионы Ризабектің туған ауылы Кішкенекөлге баратын (Қызылтуға) жол мүлдем жоқ. Әсіресе, Талшық - Қызылту - Бидайық - РФ, ҚР шекаралары арасында жол мүлдем жоқ! Жолдың болмауына байланысты шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары ауылдардан көшіп жатыр, егер осылай жалғаса берсе, шекара маңындағы ауылдар 2-3 жылдан кейін жабылып, Ақжар-Уәлиханов ауданына біріктірілуі мүмкін», - дейді үндеу жазған ауыл тұрғыны.

Есте болса, соңғы Парламент сайлауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шекара маңындағы ауылдарды нығайтуды тапсырған болатын. Ал, СҚО өңірінде бұл тапсырма орындалмай отырғанға ұқсайды.

«Ғауез Торсанұлы былтыр сіз СҚО әкімі болып тағайындалған кезінде (1 жыл бұрын) Ризабек бауырымыз тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанған еді. Міне, бүгін Ризабек әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Сізден өтініш, Уәлихан, Ақжар аудандарының халқының атынан Даут-Талшық Қызылту-Чернигов-Ақтүейсай Бидайық-РФ және ҚР шекара жолының жөндеу жұмыстары тікелей өзіңіздің бақылауынызға алуды сұраймын. Қарапайым халық жолдың жоқтығынан қиыншылық көруде. Уәлихан, Ақжар аудандарынан Ризабектей әлі талай чемпиондар шығады», - дейді желі қолданушысы.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылының тумасы. Ол былтыр ересектер арасында еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған. Ал күні кеше Испанияда жастар арасында әлем чемпионы болды.