Ол бұған дейін әлем чемпионатында, Азия біріншілігінде жұмыс істеген
Көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі төреші Алуа Бектұрова Парижде өтетін Олимпиада ойындарына шақырту алды. Енді қазақстандық маман келесі жылы төртжылдықтың басты ойындарында төрелік етеді.
А.Бектұрова бұған дейін әлем және Азия чемпионаттарында, әлем кубогы және Гран-при кезеңдерінде қазылар қатарында жұмыс істеп, спортшылардың өнерін бағалады.
«Қазақстандық төреші Алуа Бектұрова FIG Халықаралық гимнастика федерациясынан 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарында көркем гимнастика турнирін төрелік етуге шақырту алды. Төрешімізді шын жүректен құттықтаймыз және сәттілік тілейміз», - деді еліміздің көркем және спорттық гимнастика федерациясының өкілдері.
Сондай-ақ, Алуа Бектұрова FIG Халықаралық гимнастика федерациясының алғыс хатына ие болған еді. Оған әлем чемпионатындағы жұмысы үшін Халықаралық гимнастика федерациясының техникалық комитетінен арнайы марапатты табыстады.