Жаңа бапкер Қоңқабаев пен Шымбергеновті зейнетке шығаруға бекінді ме?

Редактор
17.09.2024, 12:14

Екі олимпиадаға қатысқан Қоңқабаевтың жасы 33-те

ҰОК

Париж Олимпиадасы аяқталды, бокс құрамасында бас бапкер ауысты. Жаңа жаттықтырушы Қайрат Сәтжанов Түркістан облысында оқу-жаттығу жиындарын бастап кетті. Енді құрамада біраз өзгеріс болуы мүмкін.

Қазірдің өзінде бас бапкер Махмұд Сабырханның бұрынғы салмағы 54 келіге ауысатынын жазды. Әрине, бұл олимпиадалық салмақ емес. Бірақ 2028 жылға дейін біраз уақыт бар. Оған дейін әлем, Азия чемпионаттарына осы салмақта қатыса беруіне шектеу жоқ. Сол секілді 92 келіде өнер көрсеткен Айбек Оралбай аса ауыр салмаққа ауысатынын айтты.

«Айбек Оралбай +92 келіге ауысып жатыр. Қамшыбек екеуін бақылаймыз, егер Қоңқабаевтың салмағы аздау боп жатса, 92 келіге түсірерміз», - дейді бас бапкер.

Екі олимпиадаға қатысқан Қоңқабаевтың жасы 33-те. Сондықтан оның ізін басуға 9 жас кіші Айбекті дайындап жатса керек. Сондай-ақ құрама капитаны ауысатыны белгілі болды. Дәл осы ағайынды Оралбайлардың Айбегі ұлттық құраманың жаңа капитаны атанды.

Бұған дейін команда капитаны Асланбек Шымбергенов болған. Ол Париж Олимпиадасындағы алғашқы кездесуінде жеңілді. Шымбергенов те, Қоңқабаев та 30-дан асып кетті. Сондықтан бас бапкер жас боксшыларға мүмкіндік бергенді жөн көрген тәрізді.