Қазақстанның көкпаршылары Қырғызстанмен реванш ойнаудан бас тартты

Редактор
20.09.2024, 12:45

Қазақстанның Көкпар федерациясы ресми мәлімдеме жасады

Туризм жəне спорт министрлігі

Қазақстанның Көкпар федерациясы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының нәтижесіне және қазақ-қырғыз арасында өткен финалдық ойында туындаған пікірталасқа қатысты өз ұстанымын білдірді.

“Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалды. Көшпенділер ойындарына дайындық ретінде спортшыларымыз 6 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Соңғы 5 оқу-жаттығу жиыны аттармен және спортшыларға сай келетін ат таңдаумен өтті. Федерация тарапынан да арнайы дайындықтағы 10 ат сатып алынды”, – дейді федерациядан.

5-ші дүниежүзілік көшпенділер  ойындарына көкпардан келген 9 құрама да өте жақсы дайындықпен келгенін айта кеткен жөн. Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді.

“Ал финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбектің алтын салымының арқасында 5:4 есебімен басым түсті. Осылайша, көкпардағы Қазақстанның беделі биік екенін тағы да дәлелдеді. ҚР көкпар федерациясы айтулы жеңіске қол жеткізген спортшыларымыз бен бапкерлік құрамды бағалы сыйлықтармен марапаттайтынын да жеткізгіміз келеді”, – делінген ақпаратта.

Көкпар – ежелден екі елдің де мәдениеті мен тарихында ерекше орын алатын спорт түрі.

“Өкінішке қарай, халық арасында қазақ-қырғыз құрамаларының ойыны емес, кейбір түсінбеушіліктер қоғам назарын аудартып отыр. Біріншіден, ереже бұзған қазақстандық спортшы жазасын алып, екі минуттық айып алаңына жіберілді. Екіншіден, қырғыз делегациясының тарапынан төрешілерге ешқандай протест келіп түспегенін де естеріңізге саламыз. Қазақстанның Көкпар федерациясы кез келген келіспеушіліктер спорттық әдеп негізінде шешілуі тиіс екенін атап өтеді. Әлеуметтік желідегі негатив пікірлер, қазақ спортшыларының тарапына айтылған жағымсыз сөздерді де құптамаймыз. Біз қазақ және қырғыз халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз, бірақ марапаттау рәсімінде өзіне тиесілі жүлдені шешіп тастау, жеңіске жеткен құраманың әнұранын тыңдамай кетіп қалу бізге жат қылық. Спорттық бәсеке кезіндегі дау-жанжалдар екі елдің арасындағы ынтымаққа кері әсерін тигізбеу қажет. Келесіде бұндай келеңсіз жағдай қайталанбас үшін тәртіптік кеңес отырысы өтетінін, бұл жағдайда тиісті шара қолданатанымызды хабарлаймыз. Спорттағы жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін ұмытпаған абзал”, – деп жауап берді Көкпар федерациясы.

Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы алдағы уақытта да көкпарды халықаралық деңгейде дамыту және тарату жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын. 

Қырғызстан көк бөрү федерациясының тарапы 1 қарашада өтетін турнирге шақырғанын көпшілік 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз, – делінген ресми жауапта.