«Қарсыласын аяп, жеңіліп қалған». Боранбек Қоңыратов Демеудің ел білмейтін құпиясын бөлісті

Редактор
23.09.2024, 16:01

Атақты бапкер шәкіртінің олимпиададағы медалін 20 жыл күткен

ҰОК

Демеу Жадыраевтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов olympic.kz-ке берген сұхбатында шәкірті туралы айтып берді. Ол бапкер ретінде Демеудің медалін  бес олимпиадалық цикл бойы армандап, табаны күректей 20 жыл күткенін жасырмады.

«Демеу маған 11-сыныптан кейін келді. Алғашқы бапкері Жұмақан Тұрғанбековтің менен үш жастай үлкендігі бар. Өзі ауылда тұрғасын, шәкіртін маған аманаттады. «Осы баладан бірдеңе шығады», - дегені есте. Қазір ойлап қарасам, Жұмақан бапкер көреген екен. Көз алдындағы талай балуанның арасынан осы Демеуді жетелеп, алып келгенін айтсаңызшы?! Болашақ чемпионды бала күнінен таныған ғой?! Қарсы алдымда бойы ұзындау келген жігіт тұрды. Білеуленіп тұрған бұлшықеті жоқ екен. Алда әлі талай жұмыс барын ұқтым. Демеу күшін арттырып, бұлшықет жинау үшін тынымсыз еңбек етті. Тіпті, бұған қанша уақыт кеткенін де білмеймін. Ең бастысы – менің тапсырмамды бұлжытпай орындайтын. Табанды, еңбекқор болып өсті. Жадыраевтың 34 жасында Олимпиада финалына шыққаны оның қаншалықты төзімді екенін көрсетеді, соны ұмытпау керек. Әйтпесе, қаншама талантты балуандар жанып кетті... Күнкөрістің қамы үшін күресті тастап кеткендер қаншама?! Жеңілісті көтере алмай, сынып кеткендердің санында шек жоқ. Сонша балуан арасынан қиындықты еңсеріп, кілемде де, кілем сыртында да рухын жоғалтпаған жігіт дер едім Демеуді. Шыны керек, Олимпиада жүлдесіне барар жолда Демеу маған, мен оған себепші болып, бір-бірімізді толықтырып отырдық», – дейді Боранбек Қоңыратов.

Бапкері Демеудің қарсыласын аяп, өз еркімен ұпай сыйлайтынын айтып қалды.

«Қазір менен Демеуді қандай адам деп сұрайтындар көп. Демеу – жүзінен мейірім төгіліп тұратын жігіт. Мейірімділігі сонша,  өзінен ойсырай жеңіліп жатқан қарсыласын аяп, соған қолдан ұпай беріп қоятын балуан (күлді). Сенесіз бе, қарсыласын аяп, жеңіліп қалған сәттер өте көп  болды. Белдесуде тым жақсы жеңіп келе жатады да, біраз ұпай алға кеткен соң, жоқ жерден қарсыластың әдісіне түседі. Көп жағдайда ұпайды өз еркімен сыйлайды. Қарсыласын аяйды. Табиғаты сондай жігіт. Талай рет бұлай болмайтынын айтып, қаншама рет осы тақырыпты қозғадық. Бұл мәселені реттеу үшін көп жұмыс істегенімізді жасырмаймын», – дейді Боранбек Қоңыратов.

Айта кетейік, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратов Париж олимпиадасында шәкіртінің жанында бола алмады. Өйткені ол биыл Алматы облысында өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында тәртіп бұзғаны үшін жазаға тартылған. Сол үшін жыл соңына дейін бапкерліктен шеттетіліп, Парижге де бара алмады. Финалға шыққан шәкіртіне нұсқаулықты тек телефон арқылы беріп отырды.