«Той-жиын жалғасуда»: Ғұсман Қырғызбаев жаңа мектептің ашылуына қатысты

Редактор
28.09.2024, 01:25

Дәл осы күні Елдос Сметов жаңа мешіттің ашылу салтанатына барған болатын

olympic.kz

Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев Алматы облысындағы жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты. Білім ордасы Қарасай ауданына қарасты Өмірзақ ықшам-ауданында орналасқан.

Ғұсманды мектепке Алматы облысының прокуратурасы шақырған. Аталған орган қызметкерлері оқушыларға арнап «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында спортшымен кездесу ұйымдастырыпты. 

«Балалармен кездесу барысында қауіпсіздікке, тұрмыстық әл-ауқат деңгейін жоғарылатуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған диалогтар құрылды.

Айта кететіні, танымал спортшылардың қатысуымен өткен осындай іс-шаралар жастарды шабыттандыруға және спортты насихаттауға бағытталды. Сонымен қатар, қоғамға балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Осы орайда «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын іске асыру балалардың құқықтары қорғау үшін зор маңызға ие екенін атап өткен жөн», - дейді Алматы облысының прокуратурасы.

Айта кетейік, спортшы бұған дейін АЭС-ті қолдап жазба жариялаймын деп көпшіліктің сынының астында қалған еді. Кейін жазбасын өшіріп тастады.

Ал, Париж Олимпиадасындағы жалғыз алтын медальді еншілеген Елдос Сметов болса дәл осы күні Өскемендегі жаңа мешіттің ашылуына қатысып, құдайға құлшылық жасап қайтқан болатын.