Демеу Жадыраевтың бапкері күрес федерациясының Бас хатшысына қызметтен кетуді ұсынды

Редактор
10.10.2024, 14:51

Бас хатшының орнына ар-ұяты бар адам келуі керек екенін жеткізді

instagram.com/boranbek1966

Еліміздің грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Бас хатшысы Димаш Сұлтановтың әлеуметтік желіде жария болған мәлімдемесінен кейін Демеу Жадыраевтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов оған қызметінен кетуді ұсынды.

Димаш Сұлтанов қоғам өкілдеріне жолдаған үндеуінде, федерацияның қызметі, бапкерлер штабының жұмысы, командаларды құру және басқа да мәселелер бойынша шындыққа сәйкес келмейтін және жалған ақпараттар көп таралып жатқанын атаған. Осылай деген ол өзінің ашық диалогқа дайын екенін алға тартқан. Бірақ кейбір мәселе бойынша заң орындарына жүгінетінін де жасырмаған.

«Федерация жалған ақпарат тарату, бапкерлердің, спортшылардың және төрешілердің абыройы мен қадір-қасиетін қорлайтын жалған деректерді тарату, сондай-ақ ұлттық және рулық алауыздықты қоздыру деректері бойынша құзырлы органдарға жүгінуге мәжбүр болады», - деп мәлімдеген Димаш Сұлтанов.

Осыдан кейін федерацияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жария болған жазбаның астына Боранбек Қоңыратов пікір білдірді. Ол Бас хатшының елді қорқытып отырғанын айтып, қызметін тапсырып, орнына ар-ұяты бар адам келуі керек екенін жеткізді.

«Димаш, сен мына жазған жазбаңда күресті жақсы көретін бүкіл қоғамды қорқытып жазып отырсың. Сонда күрес федерациясының беделі жоқ болып отыр ма? Халықты жинап, ақылмен шешуге, әлде «кім бірінші арыз жазады соныкі дұрыс»  деген принципті ұстайсың ба? Федерация дұрыс шешім қабылдамай жатса, федерацияға сөйлемей, ойымызды айтпай, федерация қандай шешім қабылдаса, сол шешімді басымызды изеп қабылдауымыз керек болып тұр ғой. Димаш, маған арналған  ЗУМ-арқылы болған жиналыс еш өшпейді. Күрес түрін жақсы көретін қоғамды осындай постпен қорқытып ұстасаңдар, қазақ күресі алысқа бармайды. Димаш, осындай постпен және ісіңмен жаттықтырушыларды,төрешілерді бір-біріне данос жазғызып үйреттің. Соның ішінде жеке менің атыма және еркін күрестің бапкеріне жаздырдың. Донос жазғаннан кейін жаттықтырушылар мен төрешілердің рухы өшті. Рухы жоқ жаттықтырушы, төреші қандай спортшы дайындайды. Сондықтан, Димаш ұятың болса, федерациядан кетіп қал. Орныңа ұяты, ары, намысы бар адамдар келсін», - деді Боранбек Қоңыратов.

Бұл жайтқа қатысты спорт журналисі Аслан Қаженов те жазба жариялап, федерацияның әрекеті қисынға келмейтінін алға тартты. Тіпті, федерацияның баспасөз хатшысының қарадүрсін жауаптары да шошытқанын мысалға келтірді.

«Сіздердің бастарыңыз істей ме? Мынау не мәлімдеме? Қорқыту-үркіту ме? Бүгінге дейін қаншама проблема айтылды. Үндемей келдіңіздер. Бірде-бір жауап болған жоқ. Енді әрі ойланып, бері ойланып, тапқандарыңыз осы ма? Федерацияны меншіктеп алған жоқсыздар ма? Әлде, ата-бабаларыңыздан қалған мұра ма? Халық өзінің аузынан жырып беріп жатқан қыруар қаржының есебін талап ете алмай ма? Тілшілер қордаланған мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне түрткі болса, сотқа сүйрейсіз бе? Логиканы мүлде түсінбедім. Бас хатшының өзі осындай нәрсе жазады. Баспасөз қызметіне жауаптысы мына жақта әріптесімізге «Баяғыдан қайда қалдың?», «Өз орныңды біліп жүр!» деп шүйлігіп жатыр. Кәсіби біліктілік қайда? Федерацияда өз саласының мамандары отыр ма? Жалпы мақсаттарыңыз қандай өзі? Әлде, біз, осыдан кейін аузымызға құм құйылып, үнсіз қалады деп ойладыңыз ба? Жоқ, жоқ, жігіттер, олай болмайды», - деді Аслан Қаженов.