Қазақстан дзюдошылары Загреб Гран Приінде күресіп, 2 алтын, 1 күміс жүлде иеленген еді
Ертең Абу Дабиде басталатын Гранд Слэм турнирінде белдесетін Қазақстан дзюдошыларының қарсыласы белгілі болды. Дзюдодан БАӘ-де өтетін маңызды турнирдің жеребесі тартылған еді.
Бұл турнирде 60 келіде Мағжан Шамшадин жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол Грузия және Әзірбайжан балуандары жұбының жеңімпазымен белдеспек.
66 келіде Әділбек Берікұлы алғашқы белдесуінде италиялық Лука Цаккианомен кездеседі.
73 келіде Дархан Қойбағар сербиялық Байсангур Багажевпен шеберлік байқасса, осы салмақтағы Ермек Аманкелді Өзбекстан өкілінің шамасын байқап көреді.
81 келіде Жалғас Қайролла IJF құрамасының өкілі Абдул-Керім Тасуевтің әлеуетін байқап көрмек. -100 келіде Әділет Сапарғалиев франциялық Франсис Дамиэрмен татамиге шығады.
+100 келіде Мәди Еділбаев Өзбекстан балуаны Ұтқырбек Туробоевпен екінші айналымда кездесіп, ширек финал жолдамасына таласады.
Әйелдер арасында 48 келіде Абиба Әбужақынова екінші айналымда Филиппин және IJF құрамасының өкілі арасында жеңімпаз атанған дзюдошымен шеберлік байқасады. Бұл сын Абибаның Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы жарысы болмақ.
63 келіде Есмигүл Құйылова Италия өкілі Карлотта Аванзатомен күреседі. Одан басым түссе, ширек финалда Венгрия-Мажарстан балуандары арасында басым түскен спортшымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
+78 келіде белдесетін Назгүл Маратова мен Карина Такиева алғашқы айналымда өзара мықтыны анықтайды. Айта кететін жайт, әйелдер арасында аса ауыр салмақта белдесетін 8 балуанның барлығы турнирді ширек финалдан бастағалы отыр.
Бұған дейін Қазақстан дзюдошылары Загреб Гран Приінде күресіп, 2 алтын, 1 күміс жүлде иеленген еді.