Екатерина Токарева мен Кәмила Берліқаш жанкүйерлерін қуантты
Дзюдодан Ташкентте әскерилер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық екі спортшы қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында Екатерина Токарева -78 келіде қола жүлде үшін күресте өзбекстандық дзюдошыны иппон ұпайымен қапы қалдырды. Сонымен бірге, аса ауыр салмақта Кәмила Берліқаш ұлттық құрама қоржынына кезекті қола жүлдені салды.
Белгілі дзюдошы үшінші орын үшін белдесуде Франция спортшысын 6 секундта иппонмен жеңді.
Аталған чемпионаттың бірінші жарыс күнінде ерлер арасында 60 келіде қазақстандық қос дзюдошы финалға шыққан болатын. Нәтижесінде Нұрқанат Серікбаев чемпион атанса, Шерзод Давлатов күміс жүлдегер атанды. Ал 66 келіде Жанарыс Рахметқали қола жүлдеге ие болды.