Елдос Сметов пен бапкері су басқан ауылға барып, жастармен кездесті

Редактор
24.10.2024, 15:58

Елдос Сметов елімізде бұқаралық спорттың дамуына ден қойылып жатқанын атап өтті

Ақтөбе облысы әкімдігі

Республика күні қарсаңында дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов және оның бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев Ақтөбе облысының Қобда ауылына болды.

Батырлар мекені атанған Қобдада спортшы жастармен, жасөспірімдермен кездесті. Мұндағы мақсат - жастардың спортқа деген қызығушылығын ояту, оларға жігер беру.

Чемпион ауыл жастарына ақыл-кеңесін айтып, жетістікке жету жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Бірінен соң бірі кезекке тұрған болашақ спортшылардың сұрақтарына жауап берді. Елдос Сметов елімізде бұқаралық спорттың дамуына ден қойылып жатқанын атап өтті.

«Алдымен, баршаңызды ұлттық мерекеміз Республика күнімен құттықтаймын. Егемендіктің арқасында еліміз көркейіп келеді. Олимпиададан кейін алғаш болып Ақтөбе облысына келіп қалдым. Сіздердей спортқа ұмтылған жастарды, жасөспірімдерді көргеніме өте қуаныштымын. Мына  спорт кешені керемет екен. Барлық жағдай жасалған.  Менің айтарым, мақсатқа жету жолында еңбек, табандылық өте маңызды. Осы қағиданы естен шығармай, еліміздің Туын әлемдік ареналарда желбіретулеріңізге тілектеспін», - деді ол.

Кездесуден соң,  Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев көктемгі су тасқыныннан зардап шеккен отбасылардың үйлеріне барды. «Құтты қонақ келді» деп қарсы алған тұрғындардың қуанышында шек болмады. Спортпен айналысатын отбасы балаларына чемпион сый-сияпатын табыстады.

«Мемлекет басшысының қолдауымен әдемі үйлер бой көтерген. Тұтас, жаңа ауыл пайда болған. «Қиындықта далада қалдырмады» деп тұрғындар рахметін айтып жатыр. Мен өте қуаныштымын», - деді Елдос Сметов.

Материалда: