Ризабек Айтмұқан әлем чемпионатының финалына шықты

Редактор
26.10.2024, 21:19

Бұған дейін күрескен 30-ға жуық балуанымыз түгелдей жеңіліп қалған еді

Қазақстан күрес федерациясы

Албанияда күрес түрлерінен U23 санатында өтіп жатқан әлем чемпионатында Ризабек Айтмұқан финалға шықты. Еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жатқан отандасымыз финалға дейін 3 балуаннан басым түсті.

Ол алғашқы белдесуінде Канада балуанын 11:0 есебімен уақытынан бұрын ұтты. Ал ширек финалда Беларусь спортшысын да 10:0 есебімен айқын жеңді. Ал финалға шығар сында ресейлік Шамил Гаджиалиевті 7:4 есебімен қапы қалдырды.

Енді қазақ балуаны финалда Иран өкілімен әлем чемпионатының жеңімпазын анықтайды.

Сондай-ақ, еркін күрестен 57 келіде Алан Оразбек қола жүлде үшін белдесуге шығады. 79 келіде белдескен қазақстандық Жеңіс Қаныбековтен басым түскен қарсыласы финалға шықса, отандасымыз жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алады.

Бұған дейін грек-рим және әйелдер күресінің балуандары жарыс жолына шығып, түгелдей жеңіліп қалған еді.