Қазақ балуаны әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Редактор
28.10.2024, 22:04

Өзге үш балуан жеңіліп қалды

UWW

Албанияда күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелерінде өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық бір спортшы жартылай финалға жолдама алды.

Грек-рим күресінен 63 келіде Ержет Жарылқасын енді финал жолдамасы үшін ресейлік Садық Лалаевпен шеберлік байқасады. 

Отандасымыз іріктеу бәсекесінде Польша балуанын, ал ширек финалда фрацуз спортшысын уақытнан бұрын ұтты. Айта кететін жайт, Ержет Жарылқасын биыл Бішкекте Азия чемпионатында аталған салмақта топ жарған еді.

Бұдан бөлек, 55 келіде Ихсар Курбаев ширек финалға дейін жеткенімен, шешуші сәтте ресейлік балуанға 1:1 есебімен жол берді. Егер қарсыласы финалға шығатын болса, Ихсар жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алады.

72 келіде Мейіржан Шермаханбет іріктеу кезеңінде Армения балуанын жол берді. Қарсыласы кейінгі кезеңде ұтылып қалуына байланысты отандасымыз жарысты аяқтады. Сондай-ақ, 82 келіде тағы бір балуанымыз Евгений Поливадов алғашқы белдесуінде фин спортшысын ұтқанымен, екінші айналымда өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовқа есе жіберіп, жарысты аяқтады.