Жәбірленуші 2 млн теңге өтемақы өндіріп алды
Апелляция әйелін ұрғаны үшін екі жылға сотталған танымал қазақстандық дзюдошы, Атырау облысының Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовке қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертті.
Атырау облыстық сотының мәліметінше, Атырау қаласының №2 соты Ибрагимовті материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып (ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы), екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеген.
Жәбірленушінің моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды: сотталушыдан 2 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Іс апелляциялық алқаға жәбірленуші және қорғау тарабының шағымдары, сондай-ақ прокурордың өтінішхаты бойынша түскен.
«Сот алқасы іс материалдарын зерделеп, Ибрагимовтің қылмыс жасаудағы кінәсі жәбірленушінің жауаптарымен, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысымен дәлелденді деген тұжырымға келді. Алқа «кінәлі адамға көрінеу белгілі материалдық жағынан тәуелді адамға қатысты» саралау белгісі дұрыс тағылмаған деп шешті», - делінген мәліметте.
Белгілі болғандай, жәбірленуші сотталғанға материалдық тәуелділігі туралы дәлел ұсынбаған.
«Жәбірленушінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны, оның шотына ақша түскені туралы құжаттар ұсынылды. Осыған байланысты Ибрагимовтің әрекеті ҚК-тің 107-бабының 1-бөлігіне қайта сараланды. Оған 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды (2 415 000 теңге)», - деп қосты сот.
Естеріңізде болса, биылғы мамыр айында экс-әкімнің бұрынғы әйелі өзін 11 жыл бойы соққыға жығып, балаларын да тартып алғанын айтып еді. Алайда шенеунік бұл айыппен келіспей, өзіне жала жабылғанын алға тартқан. Бірақ артынша лауазымды қызметінен өз еркімен кеткен.
Сот сараптама қорытындысы мен өзге де дәлелдер арқылы экс-әкімнің кінәсі расталғанын мәлімдеді.