«Моника Белуччиларды қарап өстім»: Данияр Елеусінов бірінші әйелімен ажырасуға не себеп болғанын айтты

Редактор
30.10.2024, 16:04

Боксшы көп әйел алуға қатысты пікірін айтты

Видеодан кадр

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов алғашқы некесі неліктен сәтсіз болғанын және көп әйел алуға қатысты көзқарасын айтты. Боксшы ер азаматтардың өз талғамымен үйленгені дұрыс деп санайтынын атап өтті.

«Түп тамыры мынада жатыр. Ол кезде жас болдық. Қателіктер болды. Күнәңді ашып айтуға болмайды дейді ғой. Дегенмен, балаңның анасы туралы жаман әңгіме айтқым келмейді. Интернетте айқайлап, бет жыртысатын заман болса да, біз олай істемейміз. Сондықтан, баламның анасы болған соң ешқандай жамандамаймын. Мен жақтан да, ол жақтан да қателік болды. Бұйырғаны солай болды. Қателік болды деп ажыраса беру де дұрыс емес. Ең басынан дұрыс таңдау жасау да, күнә жасамау да түбі келіп исламға, тәрбиеге келіп тіреледі. Кішкентай күніңнен талғамың қалыптасады. Сені қанша жерден қалай тәрбиелесе де, сенің жеке талғамыңа қарамастан, әке-шешең мен айналаң «саған мынадай қыз керек» деген пікірін таңады. Сонда шынымен осы менің таңдауым деп ойлайсың. Бірақ сенің жеке талғамың басқа болып шығады. Соңында сол таңдауың жеңіп шығады», – деді Данияр Елеусінов Айдос Ербосынұлына берген сұхбатында.

Боксшы атақты актрисалар басты рөлді сомдаған фильмдерді көріп өскенін айтады.

«Бізді кезінде теледидар тәрбиеледі ғой. Мен «Красотка» фильмінен Джулия Робертс, Моника Белуччиларды қарап өстім. Сол кезде «Қозы көрпеш Баян сұлуды» көріп өскен болсам мейлі екен. Бірақ менің талғамым басқа болды. Өз талғамыңмен үйленбеген соң ажырасуға тура келеді», – дейді ол.

Ал ер азаматтар көп әйел алған жағдайда әрқайсысына тең қарау керегін еске салды.

«Қазір заман қиын. Көпшілік «жағдайың болса ал» деп айтады. Бірақ бәйбішеден де сұрау керек, сыйлау керек қой. Ешкім күйеуін басқа біреумен бөліскісі келмейді. Бірақ дінімізде ешқандай шектеу жоқ. Еркек 3-4 әйел алса, бәріне тең, әділетті қарау керек. Ал 100 пайыз әділетті болу мүмкін емес. Бәрін бірдей жақсы көре алмайсың», – дейді Данияр Елеусінов.