Тиранадағы әлем чемпионаты: Әлем балуандары қандай тарихи жетістіктерге қол жеткізді

Редактор
01.11.2024, 00:54

Әлем чемпионатына қысқаша шолу

Спортты дамыту дирекциясы

Тиранада күрест түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионаты тарихи естеліктермен аяқталды.

Аталған сында еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев өз мансабында әлем чемпионатының алтыншы алтынына қол жеткізді. Бұған дейін 97 келіде белдескен ол аталған біріншілікте төмен салмақта өнер көрсетті. Осылайша ол 92 келіде еркін күрестің танымал бірнеше спортшысын ұтты.

Ресей балуаны бұған дейін әлем чемпионатында 7 рет қатысқан-тын. Онда ол 5 рет алтын иеленсе, 1 рет күміспен күптелді. Ал 2023 жылы жартылай финалға дейін жеткенімен, Бахрейн атынан күресетін дағыстандық балуан Ахмед Тажудиновке есе жіберді. Сонымен бірге, өткен жылы Садулаев жарақат алып, қола медаль үшін күресуге шыққан жоқ. Тиранадағы чемпионатта Садулаев еркін күрестен әлемге танымал балуан, америкалық Дэвид Тейлорды 7:0 есебімен ұтты.

АҚШ балуаны Токио Олимпиадасында 86 келіде чемпион атанған болатын. Сонымен бірге, Тейлор әлемнің үш дүркін чемпионы, бір мәрте күміс жүлдегері. Америка өкілі өзінің спорттық жолында әлем біріншілігінде алғаш рет қола жүлде иеленді және бұл оның соңғы жарысы болып отыр.

Қола медаль үшін күресте Иран балуаны Камран Гасемпурды 6:2 есебімен ұтқан Тейлор қуанышын жасыра алмады. Сондай-ақ, ол жанкүйерлермен көзіне жас ала отырып қоштасып, өзінің соңғы белдесуі екенін білдірді. Біріккен күрес әлемі қауымдастығы спортшыға естелік медаль табыстап, құрметпен шығарып салды. Енді Тейлор алдағы уақытат бапкерлік қызметпен шұғылданбақ.

92 келіде екі дүркін әлем чемпионы Камран Гасемпур жартылай финалға дейін жеткен еді. Алайда ол ресейлік Абдулрашид Садулаевқа 5:3 есебімен белдесудің соңғы секундында ұтылып қалды.

Айта кететін жайт, еркін күрестен Олимпиада чемпионы, 6 дүркін әлем чемпионы, 3 мәрте қола жүлдегер, америкалық Джордан Барроуз (79 кг) өзінің оныншы чемпионатында жүлдесіз қалды. Аталған спорт түрінің танымал өкілі ширек финалда Иран балуанына жол берді. Ал парсы балуаны финалға шыға алмауына байланысты Барроуз жүлдеден тыс қалды.

Албанияда өткен күрес бәсекесі Қазақстан үшін де тарихта алтын әріптермен жазылды. Бұл сында 70 келіде Нұрқожа Қайпанов финалға дейін жетіп, шешуші сында жапониялық балуанды 5:3 есебімен ұтты. Қайпановтың алтыны қазақ еркін күрес балуандары иеленген екінші жүлде. Дәл осындай жетістікке өткен жылғы әлем чемпионатында Ризабек Айтмұқан жеткен еді. Ол еліміздің еркін күрес тарихында дүниежүзілік біріншілікте топ жарған алғашқы балуан атанған еді.

Қазақстан балуаны Жәмила Бақбергенова Тиранада әлем чемпионатындағы 4-ші жүлдесін еншіледі. 2021 жылдан бері 72 келіде жүлделі орынға тұрақтап келе жатқан бұрымды балуанымыз осымен үш дүркін күміс жүлдегер атанды. Сонымен бірге, оның әлем біріншілігінен иеленген қола жүлдесі де бар.