«Елисей сарайына шақырды»: Франция президентінің қабылдауында болған Сметов әсерімен бөлісті

Редактор
07.11.2024, 08:39

Олимпиада чемпионы президенттің кешкі асына арнайы шақырту алған

instagram.com/yeldos60kg

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапарының соңғы күнінде Елисей сарайында Макронның қабылдауында болған Елдос Сметов алған әсері туралы айтты. 

Осыдан үш ай бұрын Парижде өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған отандасысымыз бұл кездесудің ерекше есте қалғанын жеткізді. 

«Ардақты ағайын, жаңалықтан көріп көзайым болғандарыңыздай, Президентіміз Франция мемлекетіне ынтымақ сапарымен барып келді. Ресми сапардың соңғы күнінде Қасым-Жомарт Кемелұлының құрметіне орай Франция Президенті Эмануэль Макрон мырза Елисей сарайында сән салтанаты жарасқан мемлекеттік қабылдау өткізді. Бұл маңызды шараға Францияның Үкімет мүшелері, белгілі саясаткерлер, іскерлік топ, ғылым және дипломатия өкілдері, сондай-ақ екі елдің көрнекті мәдениет және спорт қайраткерлері шақыру алды. Қатарда елім деп жүрген Елдос ұлдарыңыз да бар. Мен үшін бір қуанып қойсаңыздар болады. Кеш жоғары деңгейде өтті. Мемлекет басшысының құрметті тобында болу мәртебесі бұйырған барлық замандасымызды көргеніме қуаныштымын. Франция мемлекеті біздің елмен ынтымақ достығының деңгейі қандай екенін Президентінің біздің Көшбасшымызды қарсы алуынан-ақ көрген боларсыздар. Лайым алты алаштың абыройы осылай алты құрлыққа аса берсін», - деп жазды Елдос Сметов. 

Әлеуметтік желіде жазба жариялаған Олимпиада чемпионы президенттің кешкі асына арнайы шақырту алғанын атап өтті. 

27 шілде күні Олимпиада финалында француз дзюдошысымен белдескен Елдос Сметовтің өнерін Франция президенті арнайы келіп тамашалаған еді.