Қазақстанның неліктен World Boxing ұйымын таңдағаны белгілі болды

Редактор
11.11.2024, 22:17

Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі Тұрсынғали Еділов пікір білдірді

olympic.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі Тұрсынғали Еділов федерацияның жаңадан құрылған World Boxing ұйымына кіруінің себебін түсіндірді.

«Бұл тарихи сәт Пуэблода өткен әлем чемпионатының (U-19) аяқталуына орай өткен қорытынды конгресте болды. Осылайша, нүкте қойылды. Енді әрі қарай тек бір ұйымның астында өнер көрсету мәселесін шешу керек», - деді Еділов «Дядя Ваня» телеграм арнасына берген сұхбатында.

Бокс маманы Қазақстан дұрыс шешім қабылдағанын, себебі World Boxing-тің болашағы зор екенін алға тартты.

«WB тізгінін нидерландтық Борис ван дер Ворст ұстайды, сондықтан татуласу туралы айтудың қажеті де жоқ. Өйткені IBA басшысы Умар Кремлевпен екеуінің арасында келіспеушілік баяғыда туындаған. Екеуі нені бөліседі? Тағы бірер жылдан соң WB-нің ықпалы да, күші де IBA-ден әлдеқайда жоғары болатыны анық», - дейді Еділов.

World Boxing ұйымы 2023 жылғы сәуірде құрылған. Қазірдің өзінде оның құрамында 55 ел бар.

Ал ІВА 2023 жылғы маусымда қаржы және әдеп салаларында реформа жасауға қабілетсіз деп танылып, Халықаралық олимпиада комитетінің құрамынан шығарылды.