WADA Зульфия Чиншанлоны 8 жылға спорттан шеттетуі мүмкін

Редактор
14.12.2023, 13:58

Бұған дейін де ол допинг дауынан кейін Олимпиада алтынынан айрылған болатын

olympic.kz

Қазақстан ауыратлеті Зульфия Чиншанлоның допингке қатысты дауы әлі ұзаққа созылуы мүмкін. Бір жылдан бері үлкен жарыстарға шықпаған спортшының қазіргі жайы белгілі болды.

Жарыстан тыс кезеңде алынған міндетті допинг-бақылаудан кейін ауыратлет спорттық қызметтен уақытша шеттетілді. Оның сынамасынан «Метандиенон» анаболикалық стероид белгілері байқалған.

Осыдан кейін Қытайдан келген легионер тағы сегіз жылға спорттан шеттетілуі мүмкін.

Лондонда топ жарған спортшы араға 4-5 жыл салып медальдарын қайтарып берген еді. WADA оның допинг қолданғанын дәлелдеп, осындай шешім қабылдаған. Кейін ол 2016-2018 жылдары үлкен спорттан да шеттетілді. Ендігі жерде Зульфияның басқа да нәтижесі жоққа шығарылуы мүмкін.

Отандық ауыр атлет 2009, 2011 және 2014 жылдары әлем чемпионы атанды. Азия чемпионы атануымен қатар, Азия ойындарында екі рет күміс жүлде жеңіп алған. Ал 2020 жылы Токиода өткен сында ол 55 келіде қола медаль иегері атанды.