Белгілі дзюдошы Кәмила Берліқаштың күйеуі ел чемпионатының жүлдегері атанды

Редактор
16.11.2024, 22:51

Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбектің жұбайы Мәди Амангелді чемпион атанды

Қазақстан дзюдо федерациясы

Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Кәмила Берліқаштың күйеуі Ислам Тоқтасын ел чемпионатының жүлдесіне ие болды. Ақтөбеде дзюдодан өтіп жатқан чемпионатта ол 73 келіде сынға түсіп, үздік үштікке енді.

Алматы облысының намысын қорғайтын дзюдошы Атырау, Алматы, Жамбыл облыстарының балуандарын ұтып, жартылай финалға шықты. Алайда финалға шығар белдесуде ол Абай облысының өкілі Барыс Қуаннан айласын асыра алмады. Дегенмен, үшінші орын үшін белдесуде алматылық Ықылас Әлсейіттен басым түсті.

Айта кетейік, қос спортшы 2022 жылдың күзінде отау құрған болатын. Кәмила Берліқаш (+78 кг) еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Сонымен қатар, Гранд Слам турнирлерінің жүлдегері. Жақында Ташкентте өткен әскерилер арасындағы әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткізді.

Еске салайық, дәл осы жарыста паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбектің жұбайы Мәди Амангелді чемпион атанды. Ол 81 келіде өнер көрсеткен болатын.