Министрлік кімді алдап отыр? Дзюдо құрамасына келген маман Ресей азаматы болып шықты

Редактор
19.11.2024, 22:57

Оның жанына Ресейден тағы бір экс-спортшы еріп келді

Эцио Гамба мен РФ президенті Владимир Путин. Фото: РИА Новости

Бүгін Туризм және спорт министрлігі Қазақстан дзюдо құрамасына даңқты италиялық дзюдошы, Олимпиада чемпионы және әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Эцио Гамба келгені туралы  ақпарат таратты. Ол қазақ дзюдошыларының шыңдалуына көмектеспек.

Бірақ шын мәнінде Эцио Гамба ұзақ уақыттан бері Италия емес, Ресей азаматы. Ол 2016 жылы Ресей азаматтығын алған.  Жалпы, Гамба Ресейге 2008 жылы келген. 16 жылдан бері сол жақта тұрады. 

Онымен бірге ұлттық құрамаға Елдос Сметовтен төрт рет жеңілген тағы бір ресейлік дзюдошы Роберт Мшвидобадзе келген. Яғни, министрліктің шетелден мамандар алдырдық дегені Ресейден келген мамандар болып шықты.

Министрліктің мәліметінше, Гамба Қазақстан ұлттық құрамасымен ынтымақтастықты бастап кеткен. Жақында Ақтөбеде өткен чемпионатқа да барған.

Ербол Мырзабосынов басқаратын ведомство Гамбаның Ресей азаматы екенін расымен де білмей қалды ма, әлде елді алдап отыр ма – ол жағы өздеріне ғана аян.