Соңғы 5 жылда клубқа 31,5 млрд теңге бөлінген деген ақпарат бар
«Астана» велоклубы 18 жыл ішінде 360 млн еуроны шығындаған көрінеді. Бұл туралы клубтың бұрынғы велошабандозы Андрей Кашечкин «Азаттық рухы» тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Жақында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «Астана» клубына жыл сайын қисапсыз қаражат бөлінетінін айтып, дабыл қаққан еді. Соңғы 5 жыл ішінде «Самұрық-Қазына» қоры бұл спорттық командаға 31,5 млрд теңге бөлген. Ал клубтың құрамындағы 30 велошабандоздың тек 10-ы ғана Қазақстан азаматтары екен. Қалғандары Еуропа елдерінің өкілі.
«Қазір менің өзімнің жеке жобаларым бар. 2013 жылдан бері клубпен байланысым үзілген. Ақша мәселесін клубтың қазіргі басшылығынан сұрау керек шығар. 18 жылдан бері бөлініп келе жатқан қаржыға жауапты адамдар бар. Олар содан бері барлық жауапкершілікті өздерінің атқарған ісі бойынша алуы керек. Егер қанша бөлінгенін сұрасаңыз, мен өзім білетін деректерді айта аламын», - деді Андрей Кашечкин.
Оның сөзінше, 18 жыл ішінде 360 миллион еуро жұмсау – бұл әлемдік бағаммен алатын болсақ өте көп қаржы.
«Осындай форматта бұдан әрі де жалғаса беретін болса, клубты қаржыландырудың ешқандай мәні жоқ. Мұндай жүйе мүлдем жұмыс істемейді. Заманауи велокоманда табысты бизнес ретінде жұмыс істеуі керек. Ол дамып, өзінің пайдасын көрсетуі тиіс. Мысал ретінде, Испанияның «Реал Мадрид» клубын алып қарайық. Оның президенті Флорентино Пересті жеке танимын және маған олардың модельдік жұмысымен танысудың мүмкіндігі туды. Клуб бір жылда 1 млрд еуроның түрлі операцияларға жұмсады. Клубтың 2023/24 жылдардағы таза табысы 15,6 млн еуроны құрады. Клубты мемлекет қаржыландырмайды. Оған демеушілер сенім артып, ойыншылар мен бүкіл әлем бойынша жанкүйерлер қолдау көрсетеді. Велоклуб та спорт әлеміндегі модельді қалыптастыру керек еді. Алайда бұл жағдайдың ешбірі болмады. «Реал Мадрид» осы тұрғыда өзгелерге үлгі бола алады», - деді ол.