Ғұсман Қырғызбаев Алмаз Әлсеновтің беделіне баға берді

Редактор
Бүгін, 16:24

Алмаз Әлсенов –  Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі және JENYS клубының негізін қалаушы

ҰОК

Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) қазақстандық Алмаз Әлсеновтің кеңесші болып келуі отандық спортқа қаншалықты әсер еткенін айтты. 

Ол өз сұхбатында белгілі спорт қайраткерінің IJF президентінің кеңесші ретінде қандай пайда тигізгенін тілге тиек етті. Қырғызбаевтың сөзінше, осыдан кейін төрешілер қазақ дзюдошыларына бұрынғыдай себепсіз ескерту беруді азайтқан көрінеді.

«Алмаз ағамыз IJF-ке кеңесші болып келгелі мен үшін, ұлттық құрама Олимпиада ойындарында сынға түскенде әділ төрешілік жасалды деп ойлаймын. Әйтпесе, көп жарыста бірден 2 шидо алып, көбіне сонымен жеңіліп қала беретінмін. Сондай кездерде "неге маған мүмкіндік бермеді?" деп ойлайтынмын. Ішім ашитын. Алмаз Әлсенов шақырып, жарыстан кейін әңгіме барысында төрешілерге "ең бастысы біздің балаларға әділ төрешілік жасасаңдар, сол жеткілікті деп айттым" деді. Дзюдодан Париж Олимпиадасы біз үшін абыройлы болды. Оны бәрі біліп отыр», - деді Ғұсман Қырғызбаев.

Естеріңізде болса, Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасында 66 келіде белдесіп, жартылай финалға дейін жетті. Ол іріктеу кезеңдерінде Испания, Оңтүстік Корея, Франция спортшыларынан басым түскен еді. Ал қола үшін күресте Сербия балуанын ұтып, төртжылдықтың басты ойындарының тарихына енді.

Ғұсман Қырғызбаев Қазақстан дзюдошылары арасында Олимпиада жүлдесін алға төртінші спортшы. Бұған дейін Бейжің Олимпиадасында Асхат Житкеев (-100 кг) күміс жүлде алса, Елдос Сметов Рио, Токио, Париж Олимпиадаларында күміс, қола, алтын медальға қол жеткізді. Сонымен бірге, 2000 жылы қазақ дзюдошысы Айдын Смағұлов Қырғызстан атынан күресіп, Сидней Олимпиадасының қоласын иеленген еді.