Куба балуаны спорттағы мансабын аяқтаған болатын
Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының 5 дүркін чемпионы Михайн Лопес әлем елдерін аралауды бастады.
Париж Олимпиадасында жеңіске жеткен Куба балуаны спорттағы мансабын аяқтаған болатын. Енді ол әлемді аралап, өзінің тәжірибесін бөлісуді көздеп отыр.
Бостандық аралының өкілі Париждегі ойындардан кейін арада біраз уақыт өткенде Ресейдің Новосибирк қаласына арнайы келіп, турнирдің құрметті қонағы болған еді. Енді спортшы 21 желтоқсан күні Ингушетияда NFG-2 турниріне келуді жоспарлап отыр. Аталған турнирде Токио Олимпиадасының чемпионы Заурбек Сидаков белдеседі.
Михайн Лопес грек-рим күресінен 2008 жылдан 2024 жылға дейін әлемнің теңдессіз балуаны болды. Ол Афины Олимпиадасында 22 жасында қатысып, жүлдесіз қалған еді. Алайда 2005 жылдан бері әлем біріншілігінде топ жарып, кейін 8 рет финалға шықты. Сонымен бірге, Панамерика ойындарында 5 мәрте жеңімпаз атанды. 42 жасында Олимпиадада күрескен спортшы ең егде балуан ретінде де рекорд орнатты. Сондай-ақ, ол әлемдік спорт тарихында Олимпиадада 5 рет чемпион болған әзірге жалғыз балуан.