Артаев енді спорт басқармасын басқарады
Танымал боксшы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының жаңа басшысы Артаев Бақтияр Ғарифоллаұлын таныстырды.
«Бүгінгі мәжілісімізді бастамас бұрын кадрлық өзгерістерге тоқталуға рұқсат етіңіздер. Мемлекет басшысы отандық спорт саласын кешенді реформалау арқылы бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуды тапсырды.
Ол үшін бізге өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, мықты басшылар, үздік менеджерлер керек. Осы орайда, Туризм және спорт министрлігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы лауазымына Артаев Бақтияр Ғарифоллаұлы тағайындалды.
Бақтияр Ғарифоллаұлы – барлығыңызға жақсы таныс, өз ісінің білікті маманы, мықты менеджер. Спорт саласының жандануына орасан зор үлес қосқан азамат. 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында ел қоржынына алтын салған чемпионымыз, Вэл Баркер Кубогының иегері, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Қазақстан Республикасының 7 дүркін чемпионы.
Бақтияр Ғарифоллаұлының осы кезге дейін алған білімі мен жинақтаған мол тәжірибесін ескеріп, Сыр өңіріндегі спорт және туризм саласын бұрынғыдан да қарқынды дамытады деп сенім білдіреміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Бақтияр Артаев 1983 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану», «Менеджмент», Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт», ҚазТұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген. «Құқықтану», «Дене шынықтыру және спорт» магистрі.