Түркістанда үш жылдан бері бұл мақсатқа қаржы жұмсалмаған
Өткен аптада танымал спортшы, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы аясында Түркістан қаласында арақ-шарап сатуға тыйым салуды ұсынған еді. Осы рет киелі шаһардың биылғы жаңа жылға дайындығы қандай деген сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.
Kursiv.media агенттігінің жазуынша, Түркістан облысында биыл жаңа жыл мерекесін тойлауға бюджеттен бір теңге де бөлінбеген. Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, үш жылдан бері бұл мақсатқа қаржы жұмсалмаған. Десе де, бұл мереке тойланбайды деген сөз емес.
«Жаңажылдық шырша Түркістан қаласында орналасқан «Керуен-сарай» кешені аумағында және «Жеңіс» саябағына қойылады. Ал бас шырша әкімшілік-іскерлік орталыққа орнатылады», – делінген Түркістан әкімдігінің жауабында.
Жаңа жылға ақша шығармау түркістандықтар үшін дағдыға айналып кеткенге ұқсайды. Қажет болған жағдайда демеушілер тартылады екен.