«Өкпелесең көшіп кет»: Қорғаныс министрі самбо федерациясының президенті болып сайланды

Редактор
24.12.2024, 13:09

Оған федерация мүшелері 100% дауыс берген

Қорғаныс министрлігі

ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті болып сайланды. Бұған дейін аталған қызметті Айдос Ақжанов атқарып келген болатын.

Федерацтяның кезектен тыс отырысы Астанада 24 желтоқсанда өтіп, онда ұйымға жаңа президент сайлау мәселесі көтерілген. Федерацияның барлық мүшесі бірауыздан өз дауысын Жақсылықовқа беріпті.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Руслан Жақсылықов – дзюдодан КСРО спорт шебері, бірнеше дүркін чемпион, самбо мен дзюдодан республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері.

«Спорттық және жауынгерлік самбо әскери және құқық қорғау қызметінде жеке құрамды даярлау жүйесінде сәтті қолданылады. Біз спорттың бұл түрін, оның ішінде әскери-қолданбалы спорт ретінде кең көлемде дамытуға үлкен күш саламыз», – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Федерацияның жаңа президенті алдағы жоспарын жариялады.

«2025 жылы самбо ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Достық армияларының әскери-спорттық ойындарының бағдарламасына және Қазақстан Қарулы күштерінің спартакиадасына енгізіледі. Сондай-ақ жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында кешенді спорттық іс-шаралар, оның ішінде ҚР Қорғаныс министрінің кубогына самбодан ашық республикалық турнир өткізу жоспарланған. Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы әскери-спорт колледжінде самбо бөлімшесін ашу жоспарда бар. Онда көп балалы отбасылар, әскерилер мен ауыл жастарының балаларына артықшылық беріледі. Спорттың бұл түрін жаппай дамыту мақсатында Қарулы күштер қатарына жауынгерлік самбодан маман-нұсқаушыларды шақырамыз», – деді федерацияның жаңа президенті.

Еске салайық, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов осыдан бірер жыл бұрын өзін сынаған халыққа «өкпелесең көшіп кет» деген мақал арнаған болатын. Мұнан кейін әлеуметтік желіде министрді сынаушылардың саны күрт артты.