«Ризабек, Ризабек» деп қолпаштай бермейік – Ислам Байрамуков

Редактор
25.12.2024, 11:23

Ол Ризабекке босаңсымауға кеңес берді

әлеуметтік желі

Биыл қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұқанның екі жас категориясында топ жарғанының куәсі болдық. Одан қалды Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатында топ жарды. Осы орайда даңқты балуан Ислам Байрамуков ізбасарларының өнеріне баға берді. 

«Нұрқожа жекпе-жекке шығатын кезде мені телевидениеге сарапшы ретінде шақырды. Сол кезде-ақ Қайпановтың чемпион болатынын айтқанмын. Бұл жеңіс Қазақстан күресінің тарихында өте маңызды оқиға. Сонан соң бұл дәстүрге айналып кетеді. Осындай жеңісті көріп өскен балалар ертең ағаларының ерлігін қайталайды», - деді ол.

Сонымен қатар Байрамуков Разибек Айтмұханның да жетістігіне тоқталып өтті. Ол Ризабекке босаңсымауға кеңес берді.

«Ризабек мықты балуан. Бірақ «Ризабек, Ризабек» деп тек қолпаштай бермей, оны тыңғылықты даярлау керек. Кеше Таразда үшінші орын алып қалды. АҚШ балуанымен күресте 8:0 есебімен ұтып тұрып, 8:11 болып ұтылып қалды. Сондықтан босаңсуға болмайды. Бар назарды дайындыққа бұру қажет. Себебі Ризабек секілді балуандарымызға Олимпиада ойындарында үміт артамыз», - деді Байрамуков.