«Бес жігіт зорлаған»: Ақтауда көз жұмған спортшы қызға қатысты жаңа деректер айтылды

Редактор
10.01.2025, 09:48

Прокурорлардың өзі сот қылмыскерлерге жеңіл жаза кесті деп санайды

"Не молчи" ҚҚ

Былтыр мамыр айында Ақтауда бес жігіт фитнес жаттықтырушысы болып жұмыс істейтін спортшы қызды ұрлап кетіп, бірнеше сағат бойы күштеп ұстағаны БАҚ беттерінде жарияланды. Оқиғадан соң жәбір көрген бойжеткен 9-қабаттан секіріп көз жұмды. Ал марқұмның туысы кінәлілерге кесілген соттың үкімімен келіспейді.

Almaty.tv арнасының хабарлауынша, бойжеткен жұмысынан шығып, үйіне жаяу қайтқан. Сол кезде бірнеше ер адам оны автокөлікке күшпен отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен. Фитнес жаттықтырушы болып жұмыс істеген Алина олармен қарсыласпақ болады, бірақ онысынан түк шықпайды. Марқұмның інісі Бауыржан Жолжан «зіңгіттей жігіттер қызды көлікке тиеп, көзін байлап, белгісіз бағытқа алып кеткен» дейді.

«Егер де айтқанымды істемесең, тыр жалаңаш шешіндіріп, төрт еркектің арасына салып жіберем деген. Машинада қорлаған. Олардың барлығы да мефедрон есірткісінің күшімен жүрген», – деді марқұмның інісі Бауыржан Жолжан.

Басты күдікті жас қызды көлік ішінде зорлап болған соң да жәбірленушіні еркіне жібермеген. Керісінше, оны газ құю бекетінің күзетші отыратын бөлмесінде қамап ұстаған.

«Бізден құтылу үшін ақша беруің қажет» дейді. Сол жерде мобильді қосымша арқылы әпкемнің атына 2 млн теңге несие рәсімдейді. Мына жанармай бекетінің артына көлігін қойып, таң атқанға дейін осында ұстайды. Сосын әпкемді сағат 11:00-де үй жағынан түсіріп кетеді. «Егер сен бұл жағдайды айтатын болсаң, әке-шешеңді, сенің де қайда тұратыныңды білеміз, барлығын өлтіреміз деп қорқытқан», – дейді марқұмның інісі.

Осы оқиғадан төрт күн өткен соң, яғни 18 мамырда Алина Серікова 9-қабаттан секіріп, көз жұмады. Туыстары оның бұл әрекетіне «бес жігіттің қорлық көрсеткені себеп болды» деп отыр. Ал марқұмның інісі сот үкімімен келсіпейді. Басты күдікті саналған 33 жастағы азамат Қылмыстық Кодекстің 8-бабы бойынша 20 жылға бас бостандығынан айрылған. Басқа екі жігіт – 7 жылға, ал қалған екеуі 8 жылға жаза арқалған. Іле-шала облыс прокуратурасы да соттың үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Қазіргі таңда іс апелляциялық сатыда қаралуда.