Сметов қазақстандықтарға Лондоннан сәлем жолдады
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Халықтың сүйіктісі» жүлдесінің жеңімпаздары белгілі болды. Биылғы салтанатты шара әдеттегідей елордада өтті.
«Халықтың сүйіктісі» сыйлығы жыл сайын еліміздің дамып-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға беріледі. Олардың тізімі бірнеше күн бұрын арнайы сайтта жарияланып, жеңімпазды халық өзі дауыс беру арқылы таңдайды.
Биыл екі бірдей спортшы «Халықтың сүйіктісі» атанды. Екеуі де дзюдошы. Бірі – Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов болса, екіншісі – Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек.
Қазіргі таңда Сметов Лондонда тіл курсын оқып жатыр. Сондықтан ол аталған шараға қатыса алмай, өзін таңдаған қауымға видеосәлемдемесін жолдады.
«Асссалаумағалейкум, барша қазақ елі! Баршаңызға шексіз алғыс пен рақметімді білдіремін! Бүгінгі іс-шарада елдің сүйікті спортшысы атағына ие болып отырмын. Сіздердің қолдауларыңыз бен таңдауларыңыздың арқасында үлкен жетістіктерге жетіп жүрмін. Осы уақытқа дейін әлем мен еліміздің тарихын жаңартуға өз үлесімді қостым. Алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындырамын деп сенемін. Сондай-ақ, жас ізбасарларымыз көп болсын деп тілеймін», - деп атап өтті Олимпиада чемпионы.
Ақмарал Науатбек болса жылдың ең үздік пара спортшысы деген мәртебеге ие болған. Биыл аталған номинация алғаш рет беріліп отыр. Даңқты спортшы байқаудан кейін өз қуанышымен бөлісті.
«Осындай керемет ұлттық премияны жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Париждегі жеңісімді қазақ халқына, туған жеріме арнаған болатынмын. Ал қазір халқыма менің еңбегімді бағалап, марапаттап жатқанына алғысымды айтамын», - деді ол.