Қырғыз билігінің сынына ұшырағаннан кейін әйгілі балуан Жоламан Шәршенбеков тағы пікір білдірді

Редактор
26.12.2023, 15:36

Ол бұл жолы саясатқа мүлдем араласпайтынын мәлімдеді

Фото ашық дереккөзден

Қырғыз билігінің мемлекеттік тудың үлгісіне өзгеріс енгізуіне байланысты грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы Жоламан Шәршенбеков өз пікірін білдірді.

«Құрметті қырғыз халқы! Әр азамат өз пікірін айтуға құқылы. Бірақ сонымен бірге кейбір адамдар менің жеке пікірімді бұрмалағаны өкінішті. Мен тек кәсіби спортпен айналысамын және ешқандай саяси істерге қатыспаймын. Әрқашан Қырғызстанның туын бүкіл әлемге танымал етуге тырысамын! Қырғызстан туы желбірей берсін», - деп жазды балуан.

Бұған дейін белгілі спортшы «әлемдік жарысқа ескі тумен шығамын» деп өз пікірін білдірген болатын. Алайда, балуан осыдан кейін қырғыз билігінің сынына ұшырады. 

Жақын күндері елдің президенті Садыр Жапаров тудың дизайнын өзгертуге қатысты ұсыныс жасап, кейін оны парламент қолдаған болатын. Осыдан кейін тудағы күн сәулесінің бейнесіне өзгеріс енгізіліп, заңмен бекітілді. 

Осы ретте қырғыздың әлемге танымал балуаны «Мен Тудың өзгеруіне қарсымын. Олар (билік) бұрын туды өзгерту үшін ақша шығын болмайды деп айтты емес пе? Менде тудың ескі нұсқасы бар. Жаңасын сатып алмаймын. Алда мен тек ескі туды көтеремін» деген еді.

Сол уақытта оның пікіріне елдің вице-премьері, президент іс басқармасының басшысы, мемлектетік ұлттық қауіпсіздік комитетінінің төрағасы, президенттің баспасөз хатшысы жауап берген еді.

Жоламан Шәршенбеков грек-рим күресінен 60 келіде әлемдік рейтингте №1 балуан. Ол 2018-2023 жылдар арасында өткен әлем чемпионаттарында төрт рет финалға шығып, 2 рет чемпион атанды. Азия құрлығының екі дүркін чемпионы. Әлем кубогының иегері. Сондай-ақ, биыл Азия ойындарының жеңімпазы атанған. Спорт сарапшыларының пікірінше, ол Париж олимпиасының ең басты фавориті саналып отыр.