Бибісара Асаубаева Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында көшбасшылар қатарында келеді

Редактор
28.12.2023, 09:11

Жарысқа Қазақстан атынан 10 жасар Данис Қуандықов та қатысып жатыр

worldrapidandblitz2022.fide.com

Жылдам шахматтан (рапид пен блиц) Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық шахматшылар сәтті өнер көрсетіп жатыр деуге болады. Кеше ерлер мен қыздар рапидтен төрт ойыннан ойнап шықты.

Қазақстан құрамасының мүшесі Бибісара Асаубаева осы төрт ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, өзінің ұпай санын 5,5-ға жеткізді. Осылайша ол турнир кестесінде үшінші орынға көтеріліп отыр. Бірінші орында 7 ұпаймен Александра Бондарук (FIDE) тұр.

Қазақстан қыздар құрамасының өзге мүшелерінің нәтижесі де жаман емес. Зарина Нұрғалиева, Назерке Нұрғали, Ксения Балабаева және Әсел Серікбайдың әрбірі 5 ұпайдан еншілеген.

Ал, ерлер арасында көш басында әлем чемпионы Магнус Карлсен тұр, ол тоғыз турдан кейін 7 ұпай жинаған. Екінші және үшінші орындарды өзара бөліскен Владимир Федосеев (Словения) пен Ян Юданың (Қытай) да қоржынында жеті ұпайдан бар.

Қазақстандықтар арасында үздік көрсеткіш Денис Махневте, ол 5 ұпай жинады. Даниял Сапенов пен Ернүр Амангелді 4,5 ұпайдан еншілепті. Ал, небәрі 10 жастағы Данис Қуандықов 4 ұпайға қол жеткізген. Ересектер арасында ойнап жатқан кішкентай бала үш қарсыласын жеңіп, екеуімен тең ойнады.