49 жастағы өзбекстандық гимнаст әлем кубогында қола медальға ие болды

23.02.2025, 22:50

Ол Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына барғысы келетінін бұған дейін айтқан еді

gazeta.uz

Өзбекстандық даңқты гимнаст Оксана Чусовитина Германияның Котбус қаласында өткен Әлем кубогының кезеңінде тірекке секіру жаттығуында қола медаль жеңіп алды. 

49 жастағы спортшы гимнаст 13,249 ұпай жинаған. Бұл жаттығуда 13,299 ұпаймен словениялық Тея Белак жеңімпаз атанса, күміс медальді тағы бір словениялық гимнаст Тьяса Кисселеф иеленді (13,266 ұпай).

Оксана Чусовитина сегіз Олимпиадаға қатысқан. 1992 жылы ол Барселонада командалық сайыста алтын медаль алған. 2008 жылы Бейжіңде күміс медаль олжалады. Одан бөлек, әлем чемпионаттарында 11 медальға ие болған (3 алтын, 4 күміс, 4 қола).

2021 жылдың жазында Оксана Чусовитина мансабын аяқтағанын хабарлаған болатын. Бірақ, бірнеше айдан кейін ол бұл ойынан айнып, үлкен спортқа қайта оралды.