Екеуі осымен екі рет кездесіп, екеуінде де Айперінің мерейі үстем болды
Алматыда өтіп жатқан PWL кәсіпқой күрес турнирінде Қазақстанның ең танымал балуандарының бірі Жәмила Бақбергенова қырғызстандық Айпері Медетқызына қарсы белдесу өткізді. Белдесу 5:1 есебімен қырғыз балуанының пайдасына шешілді.
Жәмила мен Айпері осымен екінші мәрте күресіп отыр. Бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындарының финалында Айперінің мерейі үстем болған.
Жәмила белдесуден кейін 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында жақын күндері Албанияда басталатын турнирге қатысатынын айтты.
«Өз қателігімнен болып 4 ұпай беріп қойдым. Кілемнің шетіне шығып кеттім деп ойлап, босаңсый қалдым. Сол сәтті қарсыласым тиімді пайдаланды.
Негізінде бұл менің салмағым емес. Қазіргі салмағым 72 келі. 76 келідегі балуандармен күресу қиын. Салмақ үлкен рөл ойнайды.
Айперімен алдағы уақытта әлі де күресемін деп ойлаймын. Болашақта Олимпиадалық, яғни 76 келіге ауысып жатсам, талай мәрте жолымыз түйіседі.
Осымен тоқтамаймын ертең Албанияда басталатын турнирге қатысамын. Ол жақта өзімнің үйреншікті салмағым 72 келіде күресемін», - деді даңқты балуан.
Айта кетейік, Алматыда өтіп жатқан PWL турнирінде Ризабек Айтмұқан америкалық әйгілі балуан Кайл Снайдермен белдеседі.