Ұйымдастырушылар спортшыларды дер кезінде ажыратты
Алматыда өткен PWL кәсіпқой күрес турнирінде даңқты балуан мен ресейлік бапкер арасында ерегіс туып, соңы төбелеске ұласа жаздады.
Атап айтқанда, Болгария атынан күресетін дағыстандық балуан – Париж Олимпиадасының чемпионы Магомед Рамазанов ресейлік балуан Арслан Багаевтың бапкерімен ерегіскен. Ұйымдастырушылар оларды дер кезінде ажыратып, төбелеске жол бермеді. Жанжалдың туындауына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Белгілісі, аталған турнирде Магомед Рамазанов пен Арслан Багаев белдесіп, Олимпиада чемпионы 5:0 есебімен жеңіске жетті. Балуандар бозкілемнің шетіне шыға салысымен ерегіс басталған.
Айта кетейік, аталған турнирде қазақтың үш балуаны күресті. Қыздар арасында әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Жәмила Бақбергенова қырғызстандық Айпері Медетқызынан жеңілді. Азамат Дәулетбеков Беларусь атынан күресетін дағыстандық Хадимагомедов Магомедхабибті қиындықсыз жеңсе, Ризабек Айтмұқан даңқты америкалық балуан Кайл Снайдерден айласын асыра алмады.