Бүгін сенім артқан басқа балуандар жаппай жеңілді
Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан әлемдік Гран Слэм турнирінің екінші күнінде қазақстандық 5 дзюдошы татамиге шығып, біреуі қола жүлдегер атанды.
81 келіде құраманың көшбасшысы Абылайхан Жұбаназар үшінші орын алды. Абылайхан алғашқы белдесуінде тәжікстандық Сунатилло Мусоевтан басым түсті. Ширек финалда Біріккен Араб Әмірлігі намысын қорғайтын ресейлік легионер Омаров Гажимурадтан жеңіліп қалды. Одан кейін жұбаныш белдесуге күресіп, германиялық Тимо Кавелиусты жеңіп, қола медаль үшін белдесуге мүмкіндік алды. Ал, жүлде үшін күресте жапон Фуживара Сотародан айласын асырды. Өткен жылы ол Астанадағы Гран Слэмде Фуживарадан жығылған болатын. Енді міне, Ташкентте есесін қайтарды.
Абылайхан былтыр дәл осы Ташкенттегі турнирді 5-орынмен аяқаған.
Абылайханның бұл Гран Слэм турнирлерінде алған бесінші жүлдесі. Бұған дейін ол 1 күміс, 3 қола алған болатын.
Абылайханнан басқа дзюдошылар алғашқы айналымнан аса алмады.
73 келіде 2024 жылғы ел чемпионы Есет Қуанов алғашқы белдесуінде татами қожайыны Обидхон Номановтан өте алмады.
Бұл салмақта күрескен тағы бір қазақстандық Бақытжан Әбдірахманов тәжік дзюдошысы Мухиддин Асадуллаевтан иппонмен жеңілді.
63 келіде Париж Олимпиадасының қатысушысы Эсмигул Куюлова испандық Лаура Вазгиеске есе жіберді.
Кристина Сотникова (70 келі) бейтарап тудың астында өнер көрсеткен ресейлік Дарья Храмойкинадан иппонмен жеңілді.