Ол ширек финалда Қазақстанның қазағын жеңді
Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен басталған Азия чемпионатында грек-рим күресінен 63 келіде Өзбекстан атынан сынға түскен 19 жастағы қазақ балуаны Айтжан Қалмаханов чемпион атанды.
Финалда ол ирандық Мохаммад Мехди Аббасты 13:4 есебімен жеңді. Алғашқы белдесуінде ол Солтүстік Корея балуаны Чан Кимнен басым түскен. Ширек финалда Қазақстан қазағы Сұлтан Әсетұлынан айласын асырды.
Айта кетейік, Айтжанның бұл ересектер арасындағы турнирлерде алған екінші жүлдесі. Биыл ол Загребте өткен рейтингтік турнирде қола медаль алған.
Айтжан Қалмаханов 2022 жылы U17 санатында әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ, U17 санатында әлем және Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.