Балуан АҚШ-та үш жылдан соң өтетін Олимпиадаға дайындалып жүр
Дзюдодан Париж Олимпиадасында қола жүлде иеленген Ғұсман Қырғызбаев ұлттық құрамаға Ресейден келген бапкер Роберт Мшвидобадзенің өзіне қандай талап қойғанын айтты. ҰОК сайтына сұхбат берген балуан АҚШ-та үш жылдан соң өтетін Олимпиадаға қазірден дайындалуға кіріскенін атады.
«Олимпиададан кейін, бірінші оқу-жаттығу жиынына келместен бұрын бапкер Роберт Мшвидобадзе хабарласты. «Дайындыққа қашан келесің?» деп сұраған болатын. «Қаңтар айында» деп жауап берген едім. Бапкер «Егер келетін болсаң, Олимпиадаға дейінгі алдағы төрт жылға нақты мақсат қойып кел» деді. Енді басты мақсатым - осы оқу-жаттығу жиындарында барлық күш-жігерімді жинап, 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына барып, жеңіс тұғырының биігіне көтерілу», - деді Ғұсман Қырғызбаев.
Былтырға еліміздің дзюдо құрамасына жетекшілікке келген жаттықтырушы-кеңесшісі, ресейлік Роберт Мшвидобадзе Ғұсман Қырғызбаевтың спорттық бабына келе бастағанын атады.
«Олимпиададан кейін күш-қуатын қайта жинауы үшін оған демалыс қажет болды. Себебі ол Олимпиадаға бармастан бұрын өте күрделі дайындық жүргізді. Қазір барлығы жақсы, балуан бабына келе бастады. Бірақ бұл жарыс ол үшін аса маңызды емес, өйткені алда әлем чемпионаты бар. Ғұсман сол турнирге қатысады», - деді Роберт Мшвидобадзе.
Сондай-ақ, Ғұсман Астанада 9-11 мамыр күндері өтетін Гранд Слэм бәсекесінде кімнен қарымта есені қайтарудің өзі үшін маңызды екенін жеткізді.
«Елордадағы додаға менің салмағымда 32 спортшы тіркелді. Оның ішінде испаниялық Гарсия Торнені ерекше айтар едім. Неге? Себебі, 2023 жылғы Astana Grand Slam-ның финалында екеуміз жолығып, есе жібергенмін. Ал 2024 жылғы Париж Олимпиадасының бірінші айналымында қайта жолымыз түйісіп, айламды асырып кеттім. Енді өз жерімізде испан дзюдошысынан реванш алсам деймін», - деді балуан журналист Қанат Байұзақовқа берген жауабында.
Айта кететін жайт, Ғұсман Қырғызбаев былтыр Париж Олимпиадасында 66 келіде белдесіп қола жүлдеге ие болған болған. Ол жарыс барысында 5 белдесу өткізіп, оның төртеуін жеңіске жетті.