Ертең ауыр салмақтағы дзюдошылар жарыс жолын шығады
Астана қаласында дзюдодан өтіп жатқан Гранд Слэм турнирінің екінші күні қазақстандық 14 дзюдошы күресіп бірде-біреуі финалға шыға алмады. Тек екеуі ғана қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Атап айтқанда, Есет Қуанов қола медаль үшін Грузия дзюдошысы Михейли Бахбахашвилимен күреседі. Ал, 81 келідегі Абылайхан Жұбаназар италиялық Мануель Парлатимен қола жүлдені сарапқа салады.
73 келіде бақ сынаған Бақытжан Әбдірахманов медальға үмітті болған еді. Ширек финалға дейін сүрінбей жеткен Бақытжан Біріккен Араб Әмірліктерінің намысын қорғайтын ресейлік Казбек Нагучевпен болған белдесуде жарақат алып, жарыстан шығып қалды.
81 келіде бақ сынаған Жалғас Қайролла жарысты 7-орынмен аяқтады. Жалғас ширек финалға дейін жетті. Ширек финалда ол IJF туының атынан өнер көрсететін ресейлік Давид Карапетианнан жығылды. Одан кейін жұбаныш белдесуге қатысып, италиялық Мануель Парлатиден ұтылды.
Қуан Барыс (73 келі) Италиялық Лео Валерианиге есе жіберсе, Саят Сейтқалиев (73 келі) Ұлыбритания балуаны Етан Найрннен иппонмен жеңілді.
Қалдыбек Айғали (81 келі) алғашқы белдесуінде поляк балуанынан өте алмады. Бұл салмақтағы Азат Күмісбай алғашқы айналымда жеңіске жеткен болатын. Екінші айналымда италиялық балуанға шамасы жетпеді.
Асылжан Орынбасарова (63 келі) украйналық Анастасия Антипинадан жеңілді. Есмигүл Куюлова (63 келі) француз балуанын жеңіп, келесі айналымға өткенімен, екінші белдесуінде моңғол қызы Болд Ганхайчдан жеңіліп жарысты аяқтады.
Диана Телбаева (70 келі) алғашқы белдесуінде Ливан спортшысынан иппон әдісімен жығылды. Аруна Жангелдина (70 келі) неміс балуанынан өте алмады. Анастасия Маразова (70 келі) алғашқы айналымда италиялық Мартина Эспаситодан иппонмен жеңіліп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.