Садулаев 2024 жылы екі бірдей жарыстан шеттетілген еді
Биыл екінші жыл қатарынан Еуропа чемпионатына виза бойынша мәселе туындап, жарысқа қатыса алмаған екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев әлем чемпионатына қызу дайындалып жатыр.
Еркін күрестің танымал балуаны қыркүйекте Хорватия астанасында өтетін жаһан біріншілігінде 97 келіде сынға түсуді көздеп отыр. Әлемнің алты дүркін чемпионы осылайша өз рекордтың жаңартуды мақсат тұтқан.
Жаттығу барысынан бейнежазба жариялаған ол алдағы жарыстарда биіктерден көрінуге аса ниетті екенін білдіріп, өз оқырмандарын қызықтырып қойды.
Абдулрашид Садулаев 2024 жылы екі бірдей жарыстан шеттетілген еді. Ол былтырғы ақпан айында Румынияда өткен Еуропа чемпионатына барып тұрып қатыса алмаған. Спортшыны Бухарест әуежайында кеден қызметкері «құжаты дұрыс емес» деген желеумен ішке кіргізбеді.
Ал сәуір айының басында (2024 ж.) балуан Бакуде өткен Еуропа құрлығы бойынша Олимпиада жолдамасын беретін турнирге ХОК тарыпнан шектеу қойылуына байланысты тыс қалған болатын. Кейін оның салмағында ресейлік өзге балуан жолдама иеленгенімен, елдің еркін күрес құрамасы Париж Олимпиадасына қатыстырылған жоқ.
Дағыстандық балуан сондай-ақ, өткен жылдың қазан айында Албанияда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өткен сында спортшы 92 келіде белдесіп, барлық қарсыластарынан айқын басым түсті. Олардың арасында Токио Олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Дэвид Тейлор (АҚШ) пен екі дүркін әлем чемпионы Камран Гасемпур (Иран) бар.
Айта кететін жайт, Абдулрашид Садулаев жыл басында Қазақстанға келіп, өзінің байырғы қарсыласы, тараздық Әлішер Ерғалидің құртметті қонағы болған еді. Балуанның Алматыға сапары барысында жергілікті жанкүйерлер оған құрмет көрсетіп, шапан жапқан болатын.
Садулаев еркін күрестен Рио (86 кг) және Токио (97 кг) Олимпиадасының чемпионы. Ол әлем чемпионаттарында 2014, 2015 (86 кг), 2018, 2019, 2021 (97 кг) және 2024 жылдары (92 кг) топ жарған. Сондай-ақ, Еуропа ойындарының екі мәрте чемпионы (86, 97 кг). Бұдан бөлек, Еуропа біріншігінің төрт мәрте жеңімпазы (2014, 2018, 2019, 2020 ж.).
Естеріңізге сала кетейік, биыл әлем чемпионаты 13-21 қыркүйек күндері Загребте өтеді.