Екі дүркін Олимпиада чемпионы төрт жылға жарыстардан шеттетілді

Редактор
22.05.2025, 18:04

Спортшыдан пептидтік гормон – эритропоэтин (ЭПО) табылған

Getty Images

Қытайлық ауыратлет Люй Сяоцзюнь допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін төрт жылға жарыстардан шеттетілді. Бұл туралы Спорттық төрелік сотының (CAS) ресми сайтында жарияланған хабарламада айтылған.

2022 жылдың желтоқсан айында Люй Сяоцзюнь допинг қолданды деген күдікпен уақытша жарыстардан шеттетілген еді. Спортшыдан жарыстан тыс уақытта алынған сынамадан пептидтік гормон – эритропоэтин (ЭПО) табылған. Шеттету мерзімі 2022 жылдың 30 қазанынан басталды. Зілтеміршінің 30 қазаннан 2022 жылдың 20 желтоқсанына дейінгі көрсеткіштері жойылды.

2023 жылдың 2 сәуірінде бейнеконференция режимінде тыңдау өтті. Бұл істі қараған жалғыз төреші спортшының допингке қарсы ережелерді бұзғанын анықтады. Люй Сяоцзюнь өзіне тағылған айыптың бәрі қисынсыз екенін алға тартқанымен, шеттету мерзімін қысқартатындай ешбір уәж келтірген жоқ.

«Төреші істің CAS-қа жіберілуі спортшыға қатысы жоқ себептермен кешіктірілгенін мойындап, шеттету мерзімін 2022 жылдың 30 қазанынан, яғни сынама алынған күннен бастау туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың 30 қазаны мен 20 желтоқсаны аралығындағы оның барлық нәтижесінің күші жойылды», - делінген CAS хабарламасында.

Люй Сяоцзюнь - Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы (2012, 2020), бес дүркін әлем чемпионы.

Материалда: