Күрестің үш түрінен мыңға жуық спортшы белдеседі
24-30 мамыр аралағында елордада күрес түрлерінен өтетін Қазақстан кубогында еркін күрестен әлем чемпиондары Нұрқожа Қайпанов пен Ризабек Айтмұқан күреспейді.
Әлем чемпионатына қатысатын балуандарды іріктейтін турнирге ұлттық құраманың негізгі көшбасшылары қатыспақ. ҰОК мәліметінше, аталған сынға еліміз бойынша күрестің үш түрінен мыңға жуық спортшы белдеседі деп күтіліп отыр. Олардың арасында Азамат Дәулетбеков, Болат Сақаев, Рахат Қалжан сынды көшбасшы балуандар бозкілемде өнер көрседі.
"Нұрқожа Қайпанов Қазақстан кубогында күреспейді. Ол әлем чемпионатында белдесетін болғандықтан соған қарай 70 келіге дейін салмақ түсіреді. Сондай-ақ, Ризабек те қатыспайды. Спортшы министрдің тапсырмасымен ғылыми топпен дайындық жүргізіпжатыр. Бірақ ол алда өтетін іріктеу турнирларына қатысады. Бұл турнирде әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Азамат Дәулетбеков 92 келіде күресетін болады. Бірақ алдағы әлем біріншілігіне дейін салмағын 86 келіге ауыстырады", - деді бас бапкер Мадияр Құрамысов.
Айта кететін жайт, елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтетін сынға балуандар күрестің әр түрі бойынша төмендегі салмақ дәрежелері бойынша күреседі.
Еркін күрес: 57 келі, 61 келі, 65 келі, 70 келі, 74 келі, 79 келі, 86 келі, 92 келі, 97 келі, 125 келі.
Грек-рим күресі: 55 келі, 60 келі, 63 келі, 67 келі, 72 келі, 77келі, 82 келі, 87 келі, 97 келі, 130 келі.
Әйелдер күресі: 50 келі, 53 келі, 55 келі, 57 келі, 59 келі, 62 келі, 65 келі, 68 келі, 72 келі, 76 келі.