Шерзат ісі: басты күдіктілердің бірі сотты болғанына қарамастан спорт мектебінде бала тәрбиелеген

Редактор
29.05.2025, 15:13

2024 жылғы 4 қазанда Шерзат Полат қаскөйлердің қолынан көз жұмды

Видеодан кадр

Бұл күндері Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Ал сотталушылардың бірі спорт мектебінде қызмет атқарған.

Жасөспірімнің өліміне қатысты істе сотталушылар саны тоғыз адамды құраса, соның ішінде Шыңғыс Белқожаевтың спорт мектебінде әдіскер болып қызмет атқарғаны белгілі.

Ең сорақысы, Белқожаев 2015 жылы да Қылмыстық кодекстің 106-бабымен (Адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру) сотталып шыққан. Соған қарамастан ол жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істеген. Бұл мәселені қоғам белсендісі Айдар Қырықбайұлы өзінің парақшасында жазды.

«Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың назарына! 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар делінген күдікті Шыңғыс Белғожаев 2015 жылы ҚР ҚК 106-бабы бойынша сотталған. Соған қарамастан ол қалайша бала тәрбиесімен айналысқан? Неге балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде әдіскер болып қызмет атқарды?» - деп сұрады ол.

Айта кетейік, 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат Полат қаскөйлердің қолынан көз жұмды. Кикілжің туындағанда ол әкесіне дүкендегі шаруалар бойынша көмектесіп жатқан.