Алмас Өтешов Қызылордада басшылық қызметке тағайындалды

Редактор
14.06.2025, 00:56

Ол алкогольге тәуелділіктен емделгеннен кейін жұмысқа араласа бастаған еді

скрин YouTube

Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешовтің ауыр тағдыры туралы көпшілік хабардар болған. Жуырда облыстық спорт басқармасы экс-спортшыға жұмыс тауып беріп, аяққа тұруына атсалысқаны туралы ақпарат тараған еді. Енді оған басшылық қызметтен жұмыс табылды.

Бес айға жуық Алмас Өтешов облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты «Мұз айдыны» мекемесінде әдіскер болып қызмет атқарды. 

«Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың бұйрығына сәйкес, 12 маусымнан бастап Өтешов Алмас Дәулетярұлы басқармаға қарасты «Олимпиадалық резерв даярлау орталығы»  КММ директорының орынбасары қызметіне тағайындалды», – деп жазылған басқарманың ресми парақшасында.

Айта кетейік, Алмас Өтешов – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2016 жылы допинг дауына ілініп, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы оны Алмас Өтешовті төрт жылға спорттан шеттеткен еді.

Былтыр ол журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, ішкілікке салынғанын, сол үшін әйелі тастап кеткенін айтқан еді. Ал, биыл ол өзіне облыстық әкімдіктен көмек көрсетілгенін мәлімдеп, жанкүйерлерін қуантты.