Сондай ірі көлемде сыйақы да берілді
Венгрия астанасы Будапешт қаласында дзюдодан өткен әлем чемпионатында 60 келіде қола жүлдегер атанған қазақ жігіті Ёлка Кәдірбек Баян-Өлгий азаматтары автокөлік мінгізді.
Сондай-ақ, Моңғолияның Еңбек министрі Тілеухан Әбубәкір дзюдошыны өзі күтіп алып, оған 10 000 000 төгрөг (шамамен 1 500 000 теңге) ақшалай сыйақы берді.
«Жергілікті қазақ жастардың жетістігіне ризашылығымды білдіремін. Біздің Ёлканың бұл жетістігі жай ғана медаль емес, Баян-Өлгий тұрғындары мен Моңғолия жастарының күш-қуатының, төзімділігі мен сенімінің көрінісі. Бұл жыл осындай табыспен басталып жатқаны қуантады.
Ёлка көп жылғы қажырлы еңбегі мен жүйелі жаттығуларының нәтижесінде әлемдік аренада жетістікке жетіп отыр. Оның жетістігі жастардың белсенділігі мен спортқа деген құлшынысын арттыруға зор үлес қосатынына сенімдімін», - деді Тілеухан Әбубәкір.
Еске салайық, әлем чемпионатына Моңғолиядан 18 дзюдошы барып, екеуі ғана медаль алды. Ерлерден 9 дзюдошы өнер көрсетті. Соның ішінен тек қазақ жігіті Ёлка ғана жүлдеге ілінген.
Ёлка Кәдірбек – Моңғолия қазақтар арасынан Олимпиадалық спорт түрінен әлем чемпионатында медаль алған тұңғыш спортшы.